Бір айда төрт өлім: Әскери бөлімдерде не өзгерді, кім жазаланды
Қорғаныс министрлігі елдегі әскери бөлімдерде сарбаздар өлімінің жиілеуіне байланысты мәлімдеме жасады.
Қандай шаралар қабылданды?
Министрлік ведомство шұғыл шаралар кешенін қабылдағанын жеткізді.
Біріншіден, тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы мен әскери тәртіпті бақылау күшейтілген.
– Қару-жарақты пайдалану, сабақтар өткізу, атыс жаттығулары мен тапсырмаларды орындау кезінде жарғылық талаптар мен қауіпсіздік шараларын сақтау талаптары қатаңдатылды, - деп мәлім етті министрлік өкілдері.
Екіншіден, әскери бөлімдерге Қарулы Күштердің жеке құрамын кешенді психологиялық тексеруден өткізу үшін комиссиялар жіберілген. Ведомство әскери қызметшілердің психикалық жай-күйіне, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындауға психологиялық дайындық деңгейіне қайта бағалау жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Үшіншіден, командирлер мен сержанттық құрамның жеке жауапкершілігі арттырылған. Негізгі назар оқыс оқиғалардың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.
– Төртінші. Әскери полиция күштерімен әскери бөлімдерде жан-жақты тексерулер ұйымдастырылды. Жеке құрамға бақылау, бейнебақылау, оның ішінде қызметтен тыс уақытта да, күшейтілді– делінген хабарламада.
Бесінші. Тәулік бойы бақылау енгізіліп, құқық бұзушылықтар мен оқиғалардың алдын алуға бағытталған қосымша профилактикалық шаралар қабылданған.
Алтыншы. Әскери қызметшілердің туыстарымен тұрақты бейнебайланысы қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бөлімше командирлері ата-аналармен ресми байланыс арналары арқылы тұрақты түрде байланыс орнатқаны айтылды.
Кімдер жазаланды?
Министрлік мәліметінше, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, штаб бастығы және қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Әскери қызметші қаза тапқан әскери бөлімнің командирі, оның орынбасары, сондай-ақ батальон командирі атқарып отырған лауазымдарынан босатылды.
Бір айда төрт өлім
Айта кетейік, қаңтар айының өзінде Қазақстанда төрт сарбаз қаза тапты.
7 қаңтарда Шымкентте ҚР Ұлттық ұланының 6506-әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жатқан 21 жасар сарбаздың жүрегі тоқтап қалды. Ресми түсініктеме бойынша өлімнің себебі - жедел лейкоз.
14 қаңтарда Ақтау горнизонында келісімшарт негізінде қызмет атқарған кіші сержантты әскери полигоннан бөлімшеге қайтып келе жатқан уақытында КамАЗ басып кетті. Ол оқиға орнында жан тапсырды.
23 қаңтарда Өскемен гарнизонының бір әскери бөлімінде сарбаз қарауылдық қызмет атқару кезінде өз қаруынан оқ атып, алған жарақаттан көз жұмғаны хабарланды.
27 қаңтарда Жамбыл облысында қарумен жұмыс істеу кезінде мерзімді әскери қызметтегі сарбаз көз жұмды.
14:21
148
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.